Ұлттық «Наурыз мейрамы» қарсаңында мектебімізде бастауыш сынып оқушыларына арналған тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.
Шара ұлттық киімдер шеруімен бастау алып, оқушылар қазақ халқының әсем әрі бай ұлттық киімдерін паш етті. Әрбір бала өз киімінің ерекшелігін таныстырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық тағамдары таныстырылып, олардың жасалу жолы мен маңыздылығы жөнінде кеңінен мағлұмат берілді.
Мерекелік бағдарлама барысында оқушылар «бесікке салу», «бата беру», «беташар», «тұсау кесу» сынды халқымыздың салт-дәстүрлерін сахналық көрініс арқылы шебер бейнелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеді. Әрбір көрініс мазмұнды әрі әсерлі болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Оқушылар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара соңында ұлттық ойындар ойнатылып, балалардың қызығушылығы артып, белсенділігі ерекше байқалды.
Мереке соңында әр сынып түрлі номинациялар бойынша марапатталып, оқушылардың еңбегі мен шығармашылығы жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, шараға ата-аналар да белсене қатысып, балаларымен бірге қуанышты сәттерді бөлісті. Кейбір сыныптардың ата-аналары өздері сахналық қойылымдар көрсетіп, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге зор үлес қосты. Бұл – мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықтың, бірліктің жарқын көрінісі болды.
Осындай мазмұнды әрі әсерлі шара оқушылардың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырып, салт-дәстүрімізді құрметтеуге, ата-баба мұрасын қадірлеуге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды.
https://www.instagram.com/reel/DWDO7MXiOBa/?igsh=Y2N0OG1hMHB5dW9q




