2026 жылғы 15 маусымда мектепте 9-сынып түлектеріне жалпы негізгі білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді. Биылғы оқу жылында 19 оқушы 9-сыныпты аяқтап, жалпы негізгі білім туралы аттестатқа ие болды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, мектеп әкімшілігі, ұстаздар, ата-аналар мен қонақтардың қатысуымен өтті. Салтанатты жиында мектеп басшылығы түлектерді маңызды белеспен құттықтап, оларға алдағы оқу жолында табыс, биік мақсаттарға жету, дұрыс мамандық таңдау және елдің лайықты азаматы болуға тілектестігін білдірді.
Аттестаттарды табыстау рәсімі ерекше әсерлі жағдайда өтті. Әрбір түлекке аттестат табысталып, олардың мектеп қабырғасындағы жетістіктері атап өтілді. Оқушылар ұстаздарына, ата-аналарына және мектеп ұжымына ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік шара барысында оқушылар ән айтып, би билеп, өлең оқып, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері түлектерге ақ жол тілеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Балаларының білім алуы мен тәрбиесіне белсенді атсалысып, мектеппен тығыз байланыста жұмыс жасағаны үшін барлық ата-аналар Алғыс хаттармен марапатталды. Ата-аналар өз кезегінде мектеп әкімшілігі мен ұстаздарға балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие бергендері үшін алғыстарын білдірді.
Салтанатты шара жылы әсерге толы болып, оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер үшін есте қаларлық мерекеге айналды.
https://www.instagram.com/reel/DZsxhZvO8zV/?igsh=MWdsZmN3ZTJzZW9qag==




