Абай Құнанбаев атындағы орта жалпы білім беру мектебінің жаратылыстану-математикалық әдістемелік бірлестігінің апталығының қорытындысы
2025-2026 оқу жылы
Өтілу мерзімі: 16–20 ақпан аралығы
Әдістемелік апталық дүйсенбі, 16 ақпан күні салтанатты сап түзеумен ашылды. Сап түзеу барысында сынып оқушылары апталықтың жоспарымен таныстырылып, белсенді қатысуға шақырылды.
Апталықты жоғары деңгейде өткізу мақсатында екінші қабат дәлізі жаратылыстану ғылымдары тақырыбына сай безендірілді. Сонымен қатар, арнайы көрме ұйымдастырылды.
17 ақпан күні математика пәні мұғалімі Г.Б. Сагынаева 5–6 сынып оқушыларымен «Танымдық эстафета» атты сыныптан тыс іс-шара өткізді. Іс-шараның мақсаты: Оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту және пән бойынша алған білімдерін бекіту. Сонымен қатар, математика мен дене шынықтыру пәндерін кіріктіру арқылы оқушылардың шапшаңдығын, тапқырлығын және топпен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру. Шара оқушылардың қызығушылығын арттырып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Эстафета математика және дене шынықтыру пәндерін кіріктіру арқылы өткізілді. 5–6 сынып оқушыларынан құралған «Жүйріктер» және «Тапқырлар» командалары өзара бақ сынасты. Нәтижесінде «Жүйріктер» командасы озып шығып, мақтау қағазымен марапатталды. Сонымен қатар, командалар тәтті сыйлықтармен (кәмпиттермен) марапатталды.
Сол күні үлкен үзілістердің уақытында оқушылармен түрлі математикалық логикалық ойындар өткізілді.


18 ақпан күні апталық аясында пән мұғалімі А. Серимхан география пәнінен 10-сынып оқушыларымен «Географиялық викторина» атты танымдық сабақ өткізілді. Сабақ барысында оқушылар бірнеше топқа бөлініп, топтық жұмыс форматында түрлі тапсырмаларды орындады. Викторина кезеңдері «Жылдам сұрақтар», «Картадан тап», «Географиялық жұмбақтар», «Елді таны» сияқты қызықты тапсырмалардан тұрды. Оқушылар белсенді қатысып, өзара пікір алмасып, білімдерін ортаға салды. Топтық жұмыс барысында оқушылардың бірлесіп жұмыс жасау дағдылары қалыптасып, пәнге деген қызығушылықтары артты. Викторина соңында белсенділік танытқан және жүлделі орын алған топтар тәтті сыйлықтармен марапатталды. Жалпы алғанда, іс-шара мазмұнды әрі қызықты өтті. Оқушылар география пәні бойынша білімдерін кеңейтіп, өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік алды.

Үзіліс уақытында оқушыларға арналған «География әлеміне саяхат» атты шағын шолу және танымдық ойындар өткізілді. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың география пәніне деген қызығушылығын арттыру, дүниетанымын кеңейту және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту болды. Қызықты сұрақтар қойылып, шағын викториналар мен жылдам жауап беруге арналған ойындар ұйымдастырылды. Оқушылар белсенді қатысып, өз білімдерін көрсетіп, түрлі елдер, материктер, табиғат құбылыстары мен карталар туралы сұрақтарға жауап берді.


Информатика күні аясында пән мұғалімі С.Е.Макишева 7А және 7Б сынып оқушылары арасында «Цифрлық детектив» атты интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, киберқауіпсіздік негіздерін меңгерту және ақпаратты іздеу дағдыларын қалыптастыру.
Ойын бірнеше кезеңнен тұрды. Оқушылар «детектив» рөлін қабылдап, цифрланған хабарламаларды шешу, QR-кодтар арқылы ақпарат табу, «сандық іздер» негізінде дереккөзді анықтау және желідегі қауіпсіздік ережелерін бұзған «қылмыскерді» табу сияқты тапсырмаларды орындады.
Сайыс барысында 7А сынып оқушылары тапқырлық танытса, 7Б сынып оқушылары ақпараттық технологияларды қолдануда жоғары деңгей көрсетті. Оқушылар командалық жұмыс жасау, логикалық тізбек құру дағдыларын дамытты.



Сонымен қатар, үзіліс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Offline-дағы қызықтар» атты көңілді үзіліс өткізілді. Бұл шара барысында оқушыларға логикалық тапсырмалар, алгоритмдік ойлауды қажет ететін сұрақтар және IT-терминдер мен компьютер құрылғылары бейнеленген пазлдар ұсынылды. Оқушылар белсенді қатысып, компьютерсіз-ақ информатика әлемінің қызықты екенін көрсетті.


19 ақпан күні пән мұғалімі А. Аңсаған Физика пәнінен 7-сынып оқушылары арасында «Физика – табиғат тілі» атты танымдық сайыс сабағы өткізілді. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың физика пәні бойынша білімдерін тексеру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту және табиғат құбылыстарын ғылыми тұрғыда түсіндіруге дағдыландыру. Сайыс барысында оқушылар «Архимед күші» және «Ньютон заңы» топтарына бөлініп, бірнеше кезең бойынша бақ сынады. «Бәйге» кезеңінде сұрақтарға жауап берсе, «Жұмбақтас физика» бөлімінде жұмбақтарды шешіп, құбылыстарды анықтады. «Ғажайып зертхана» кезеңінде тәжірибелер жасап, олардың физикалық мәнін түсіндірді. Ал «Құбылыс және ғалым» кезеңінде белгілі ғалымдар мен олардың ашқан заңдылықтарын сәйкестендірді. Оқушылар сайыс барысында белсенділік танытып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра білді. Командалық жұмыс дағдылары дамып, пәнге деген қызығушылықтары артты.
Үлкен қоңырау кезінде атмосфералық қысым және денелердің электрленуі тақырыптары бойынша тәжірибелік көрсетілімдер ұйымдастырылды.
Сол күні пән мұғалімі Л.М.Муханова биология пәнінен “Ғажайып ағза” атты интеллектуалды сайыс 8 сынып оқушылары арасында өткізілді. Сайыстың негізгі мақсаты – оқушылардың биология пәніне қызығушылығын арттыру және алған білімдерін бекіту болды. Сонымен қатар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту және топпен бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру көзделді.
Сайыс 3 кезеңнен тұрды:І кезең – викторина, ІІ кезең – көрермендермен жұмыс («Білгенге маржан»), ІІІ кезең – пантомима. Оқушылар белсенді қатысып, сұрақтарға жылдам әрі дұрыс жауап беруге тырысты. Әсіресе логикалық және қызықты сұрақтар оқушылардың ойлау қабілетін шыңдады. Көрермендер де ойынға белсене араласып, өз үлестерін қосты. Пантомима кезеңінде қатысушылар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, биологиялық ұғымдарды қимыл арқылы жеткізуде тапқырлық танытты.



Үлкен үзілістерде биология пәнінен түрлі тәжірибелер көрсетілді. Оқушылар тәжірибелерді өз көздерімен бақылап қана қоймай, кейбірін өздері орындап, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Бұл олардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар балалар түрлі ойындарға қатысып, белсенділік танытты. Ойын элементтері сабақтың тартымдылығын арттырып, оқушылардың көңіл-күйіне жағымды әсер етті. Жалпы алғанда, іс-шара оқушыларға өте қызықты болды және биология пәніне деген қызығушылықтарының оянуына ықпал етті.
20 ақпан күні пән мұғалімі З.Шаку Химия пәнінен «Химия әлемінде» атты сыныптан тыс іс-шара өткізілді. Іс-шараға 8–9 сынып оқушылары қатысып, танымдық сайыс форматында ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттыру, білімдерін бекіту және теорияны практикамен ұштастыру болды. Іс-шара барысында оқушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Теориялық кезеңде химия пәнінен сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. Практикалық кезеңде берілген заттарды бейорганикалық қосылыстар кластарына жіктеп, реакция теңдеулерін құрастырды. «Жасырын элемент» кезеңінде элементтердің қасиеттері арқылы олардың атауын табу тапсырмаларын орындады. Ал тәжірибе кезеңінде көмірқышқыл газын анықтау тәжірибесі көрсетіліп, оқушылар оның нәтижесін талқылады. Сайысқа «Жас химиктер», «Периодтық жүйе», «Менделеевтер» топтары қатысып, барлық кезеңдерде белсенділік танытты. Нәтижесінде І орынды «Жас химиктер», ІІ орынды «Периодтық жүйе», ІІІ орынды «Менделеевтер» тобы иеленді. Барлық қатысушылар мадақтамалармен марапатталды. Іс-шара мазмұнды әрі қызықты өтті. Оқушылар химиялық білімдерін жетілдіріп, логикалық ойлау қабілеттерін дамытты және тәжірибе арқылы пәнге деген қызығушылықтарын арттырды.



Қорытындысында жеңімпаз топ анықталып, оқушылар дипломдармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды. Жалпы алғанда, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Жаратылыстану пәндері апталығы барысында жоспарланған барлық іс-шаралар жүйелі түрде, жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Апталық аясында математика, география, информатика, физика, биология және химия пәндері бойынша түрлі танымдық, интеллектуалды және тәжірибелік жұмыстар қамтылды.
Өткізілген іс-шаралар оқушылардың пәндерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың логикалық ойлау, шығармашылық, зерттеушілік және топпен жұмыс жасау дағдыларын дамытуға зор ықпал етті. Әсіресе тәжірибелік жұмыстар мен ойын элементтерінің енгізілуі оқушылардың белсенділігін арттырып, теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Үзіліс уақыттарында ұйымдастырылған қосымша ойындар мен тәжірибелер оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, білімге деген ынтасын күшейтті. Әрбір пән бойынша өткізілген сайыстар мен сабақтар мазмұнды, тартымды және оқушылар үшін пайдалы болды.
Қорытындылай келе, апталық өз мақсатына толық жетті деп есептеледі. Оқушылар өз білімдерін көрсетіп қана қоймай, жаңа мәліметтер алып, пәндерге деген қызығушылықтарын арттырды.




