ТАБИҒАТ ПЕН ТАРИХ ТОҒЫСҚАН ӨЛКЕ
Шарбақты өңіріне жол түскен жан ең алдымен оның сиқырлы да сұлу табиғатына тәнті болары сөзсіз. Бұл өлкеде асқақ қарағайлар көкпен таласып, аспанмен сырласқандай бой түзейді. Ормандағы кейбір алып ағаштардың жасы бірнеше ғасырды артқа тастап, бүгінгі күнге ежелгі тарихтың тірі шежіресіндей жеткен. Самал жел соққан сайын жасыл қарағайлардың ұштары баяу тербеліп, бүкіл орман іші әлдебір тылсым әуенге, ертегілер әлемінің әуезіне бөленеді.
Дәл осы ғажайып табиғат аясында Абай мектебінің 5,6,7 және 8 сынып оқушылары мен ұстаздары ерекше танымдық сапар шекті. Бұл ғибраты мол танымдық экскурсияны Шарбақты аудандық білім бөлімінің басшысы Дәурен Қалдыбайұлының қолдауыменг тарих пәнінің мұғалімі Айнаш Абдугалиева, аға тәлімгер Зоя Шаку, белсенді педагог Салтанат Макишева бірлесе ұйымдастырды. Бейіндік лагерь бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған осы саяхатта жарқыраған сары автобусқа жайғасқан балалардың жүзінен қуаныш ұшқыны мен үлкен қызығушылық анық байқалды. Олар жай ғана қыдыруға емес, туған өлкенің тұңғиық тарихымен тілдесуге бара жатқандарын іштей сезгендей еді.
Жол бойы сыңсыған орманның көркі көздің жауын алады. Бірде алтын күннің шуағы қалың ағаш арасынан сығалап, жер бетіне ертегідегідей нұрлы өрнек салса, енді бірде баяу жылжыған бұлт көлеңкесі жасыл қарағайлардың үстінен баяу мамырлай сырғып өтеді. Қоңыр салқын таза ауа мен қол тимеген табиғат әрбір саяхатшы балаға ерекше сергектік пен ұмытылмас көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
КИЕЛІ ОРЫНҒА ТАҒЗЫМ
Қалың орманның терең қойнауында орналасқан қасиетті мекенге табан тіреген сәтте, оқушылардың жүзіндегі таңданыс пен толқынысты жасыру мүмкін емес еді. Жасыл орманның қақ төрінен орын тепкен, рухы биік Ғабдул-Уахит хазірет кесенесі алыстан-ақ менмұндалап, көз тартады.
Кесененің сәулет өнері ұлттық нақыштар мен заманауи архитектуралық үлгілердің керемет үйлесімінен туған. Оның ақшыл түсті зәулім қабырғалары күн сәулесімен шағылысып, жарқырап тұрса, биік күмбезі айналаға ерекше бір ұлылық сыйлап тұрғандай. Ғимараттың әрбір бөлшегінен қаланған әр қышынан ұқыптылық пен шексіз құрмет сезіледі. Кесененің кең ауласы мен айналасының тап-таза, мұнтаздай болып күтілуі бұл жердің халық үшін қаншалықты қастерлі әрі киелі екенін аңғартады.
Оқушылар кесене табалдырығын аттап, ішке кірген сәттен бастап-ақ ерекше бір тыныштық пен жан жылуын сезінді. Мұнда келген әрбір келуші өткен тарихпен бетпе-бет келіп, сырласқандай күй кешеді.
Экскурсия барысында кесене шырақшысы Ермек Балтаұлы оқушыларға Ғабдул-Уахит хазіреттің ғибратты өмірі мен атқарған игі қызметтері туралы өте әсерлі де тағылымды әңгіме айтып берді.
– Ғабдул-Уахит хазірет – өз заманында бұқараны имандылыққа, білім-ғылымға шақырған көрнекті, ірі тұлға болған жан. Ол жас кезінде сонау Бұқара шаһарына барып, терең ілім алған. Кейін туған еліне оралып, мектеп ашып, балаларды оқытқан және халық арасында кеңінен ағартушылық қызмет жүргізген. Оның өмірлік басты арманы – өз халықының сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу әрі рухани бай болуы еді, – деп сыр шертті шырақшы ата.
Балалар хазіреттің басынан кешкен өмір жолына, көрсеткен ғибадаттарына қызығушылық танытып, көптеген сұрақтарын қойды. Бұл әсерлі әңгіме барысында олар өз өлкесінен шыққан ұлы тұлғаның жалпы қазақ тарихындағы орны қаншалықты маңызды әрі бағалы екенін түсінді.
КӨНЕ МАЗАР -ӨТКЕННІҢ ҮНСІЗ КУӘСІ
Кесене аумағындағы ерекше назар аудартатын, тарихи құндылығы жоғары орындардың бірі – хазіреттің ескі, көне мазары.
Ғасырлардың уақыт табы анық сақталған бұл тарихи орын оқушылардың санасына ерекше қозғау салып, үлкен әсер қалдырды. Тарихтың талай тарғалаң кезеңдері мен дауылдарын бастан өткерген бұл көне мазар өткен -ғасырлардың тілсіз, үнсіз куәсіндей болып қасқайып тұр. Мұнда келген әрбір саналы адам ата-баба рухына бас иіп, тағзым етеді, уақыт пен тарихтың қадірін тереңірек сезіне бастайды.
Оқушылар ескі мазар жанында біраз уақыт аялдап, оның салыну тарихы туралы құнды мәліметтермен егжей-тегжейлі танысты. Таңғаларлығы сол, бұл мазар толықтай ағаштан салынса да, бір ғасырдан астам уақыт бойы өзінің алғашқы қалпын мүлде жоғалтпаған. Көз тартарлық сол күйі сақталып тұр. Қаншама жылғы жауын-шашын мен табиғат құбылыстарынан дін аман өткен. Тек бертінде, яғни 1993 жылдары ғана ескі мазардың төбесіне арнайы шатыр жабылған екен. Сонау өткен уақыттан бері уақыттан еш міз қақпастан, бұзылмастан бізге жеткен. Шырақшының айтуынша, өткен ғасырдың 40-шы жылдарының басында осы өңірде, қарағай ішінде үлкен жойқын өрт болады. Сонда Ғабдул-Уахит бабаның ағаштан салынған ескі кесенесі тілсіз жаудан ғажайып түрде аман қалған екен. Айналаны жалмап, лаулап жанған өрт кесенеге тура 10 метр қалғанда кілт тоқтапты! Таңқаларлығы сол, өрт екіге айырылып, қасиетті кесенені айналып өтіп кеткен. Халық бұл құбылысты бабаның қасиеті мен киесі деп біледі. Мұндай тарихи мазарды басқа жерге көшіруге де, бұзуға да мүлдем болмайды. Сол себепті де, оның тарихи құндылығын сақтай отырып, дәл қасынан жаңа, зәулім де заманауи кесене бой көтерген. Хазірет атаның басына зиярат етіп, тағзым жасауға жасы үлкен қариялар да, жас бала-шағалар да ағылып келіп жатады.
Кесенені зиярат етіп болған соң, балалар хазіреттің үйінің жанындағы құдықтан шығатын қасиетті суынан дәм татты. Бұл судың сондай мөлдір, таза, дәмі тіл үйіретіндей ерекше екенін бәрі айтып жатты. Ерекше тыныштық орнаған осы қасиетті кеңістікте әрбір оқушының ішкі дүниесінде ерекше бір толқыныс пен тебіреніс сезімі орнады. Кесене шырақшысы арнайы ыдыстарға құйылған зәмзәм суын балаларға ұсына отырып, судың мәні мен қасиеті туралы қысқаша, ұғынықты етіп түсіндіріп өтті.
– Зәмзәм суы – бүкіл мұсылман әлеміндегі ең қасиетті, ең берекелі сулардың бірі болып саналады. Ол- бойға шипа, дертке дауа болатын ерекше су ретінде бағаланады. Көпшілік қауым оны жай ғана шөлді қандыратын сусын емес, ең алдымен рухани тазалықтың, адамның ішкі ниеті мен ақ тілеуінің символы деп қабылдайды, – деді ол.
Оқушылар қасиетті суды абайлап қана ұрттап, өздерін ерекше бір беймәлім тыныштық пен жайлылық құшағына енгендей сезінді. Бұл жай ғана су емес, әр баланың кішкентай жүрегіне үлкен ой салған, ішкі әлемін бір сәтке тазартып өткендей керемет әсер қалдырған сәт болды. Кейбір балалар үнсіз ғана басын изеп, алған әсерлерін сөзбен жеткізе алмай, қиялға шомғандай күйде тұрды.
Ұстаздардың пайымдауынша, мұндай шуақты сәттер мен тағылымды кездесулер өсіп келе жатқан жас ұрпақтың рухани танымы мен дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді. Өйткені олар бұл сапарда тек тарихи ескерткішті көріп қана қоймай, оның тереңде жатқан ішкі мәнін, салт-дәстүр мен діни танымдағы маңызды орнын да жүрегімен сезіне бастайды.
Осылайша, қасиетті құдық суы кесене ішіндегі ең әсерлі де ұмытылмас рухани сәттердің біріне айналып, сапардың мәні мен мазмұнын одан әрі тереңдете түсті. Бұл бір жұтым мөлдір су – балалар үшін тек қана шөл басудың амалы емес, осы бір киелі мекеннің ұлы рухын сезіну, өткен тарихымыз бен имандылық құндылықтарына деген шексіз құрметтің белгісіндей болып есте қалды.
Бұл сәт бүкіл экскурсияның тәрбиелік мәнін арттырды. Оқушылар қасиетті орындардың тек тарихтан сыр шертіп қана қоймай, сонымен бірге адамға үлкен рухани тәрбие беретін қасиетін ұғынды.
ОРМАН САҚШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ
Сапар барысында Абай мектебінің оқушылары тек тарихпен сусындап қана қоймай, осы жасыл орманды көздің қарашығындай қорғап жүрген өрт сөндіру қызметінің қызметкерлерімен де кездесу бақытына ие болды.
Асқар таудай қарағайлы алқапты тілсіз жаудан қорғау – үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететіні белгілі. Орман сақшылары мен арнайы өрт сөндірушілер күн сайын, тәулік бойы осы аумақты қырағы бақылап, табиғаттың асыл байлығын аман-есен сақтап қалу үшін аянбай жанқиярлықпен еңбек етуде.
Өрт қауіпсіздігі мамандары балаларға өздерінің қызықты да қауіпті жұмыстары туралы әңгімелеп, орман ішінде өрт қауіпсіздігінің маңызын түсіндірді. Оқушылар өрт сөндірушілердің арнайы заманауи техникаларын, құрал-жабдықтарын өз көздерімен көріп, олардың атқаратын қызметіне қызығушылық танытты.
– Біз осы жасыл орманды, қасиетті мекенді күні-түні, тәулік бойы тапжылмай күзетеміз. Өйткені біздің қарағайларымыз – бұл табиғаттың адамзатқа берген баға жетпес байлығы. Сондықтан оны тілсіз жаудан аман сақтап, қорғау-тек біздің ғана емес, баршамыздың, мына сендердің де ортақ, қасиетті міндеттерің, – дейді өрт сөндіру қызметінің мамандары.
ЭКСКУРСИЯДАН АЛҒАН ӘСЕР
Тағылымды танымдық экскурсияның соңында мектеп оқушылары өздерінің алған керемет әсерлерімен, ішкі қуаныштарымен жарыса бөлісті. 6 сынып оқушысы Зура Балағазина өзінің жүрекжарды лебізін былай деп жеткізді:
«Мен бұған дейін бұл киелі орын мен Ғабдул-Уахит хазірет туралы тек тарих кітаптарынан ғана оқып білетінмін. Ал бүгін міне, осы жерге өзім келіп, бәрін өз көзіммен көріп, ұлы тарихты жақынырақ сезінгендей болдым. Маған әсіресе, сыңсыған жасыл орман мен көне тарихи кесененің үйлесімі қатты ұнады. Ұлы дін қызметкері, ағартушы Ғабдул-Уахит Тіленшіұлының өнегелі өмір жолымен тереңірек танысып, оның өз халқына сіңірген өлшеусіз еңбегін білдім. Бұл экскурсияның біз үшін танымдық жағынан маңызы өте зор болды деп ойлаймын. Ал сыңсыған қалың қарағайлардың арасымен жүргенде алған әсерім тіптен ерекше, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Қайта-қайта қарасаң да, Шарбақтының көркем табиғатына көз тоймайды екен. Сондай сұлу, сондай көркем өлке!»
Күн бесіннен ауғанда қайтар уақыт та келіп жетті. Жиналған оқушылар сары автобусқа жайғасып, мектепке қарай жол тартты. Алайда, балалардың қиялы мен ой-санасы әлі де сол сиқырлы, сыңсыған қарағайлы орманда қалғандай еді.
Ғабдул-Уахит хазіреттің зәулім кесенесі, тарихтың үнсіз куәсі болған көне мазар, шырақшы Ермек Балтаұлының тағылымды да, ерекше әңгімесі, құдықтың шипалы да қасиетті суы, асқақ қарағайлардың баяу сыбдыры-осының барлығы қосылып, бір күндік қарапайым экскурсияны балалардың өміріндегі ең ерекше, ең ұмытылмас рухани сапарға айналдырды.
Бұл тамаша саяхат Абай мектебінің оқушыларына туған өлкенің тамылжыған сұлу табиғатын ғана танытып қойған жоқ, сонымен бірге оның тереңде жатқан тарихын, сарқылмас рухани байлығын және ата-бабамыздан қалған асыл мұраны қадірлеп, құрметтеудің қаншалықты маңызды екенін жүректеріне ұялатты. Қарағайлар құшағындағы қасиетті мекеннен алған ғажайып әсер мен жылылық олардың пәк жүректерінде өмір бойы сақталары анық.
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ





