2026 жылғы 7 қыркүйекте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде, Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында мектебімізде «Отбасы: дәстүрден қазіргі заманға» атты апталық аясында 6-сынып оқушыларымен «Үлкендердің батасы» атты тәрбиелік кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушыларға отбасы құндылықтарын дәріптеу, үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, ізеттілік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлерін насихаттау.
Тәрбиелік кездесуге арнайы шақырылған Әділұлы Райымбек Қажы оқушылармен ашық әңгімелесіп, отбасындағы үлкендердің орны, ата-ананы құрметтеу, амандасудың маңыздылығы жөнінде өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар өмірлік тәжірибесінен өнегелі әңгімелер айтып, жас ұрпаққа ақыл-кеңесін жеткізді.
Кездесудің ең әсерлі сәті – оқушылардың ақсақалдан ақ бата алуы болды.
«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген халқымыздың даналық сөзі бүгінгі шараның мәнін айқындай түсті. Ақ бата – үлкеннің кейінгі ұрпаққа деген ақ тілегі ғана емес, тәрбиелік мәні терең рухани аманат.
Оқушылар өз ризашылықтарын білдіріп, Райымбек ағаға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен шаңырағына құт-береке тіледі.
Атадан балаға – ақыл қалсын,
Әжеден немереге – өнеге қалсын,
Үлкеннің батасы – ұрпаққа аманат болсын!
Осындай тағылымды кездесулер арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, үлкенді құрметтейтін, отбасын қадірлейтін, жауапкершілігі мол Адал азамат тәрбиелеу – басты міндетіміз.
https://www.instagram.com/reel/DdCB8MwhLJP/?stkn=MWQzaTRhMGhvZmljag==




